|

Жүрсін ЕРМАН: «АҚЫНДАР, АЙТЫСЫҢДАР, АЙТЫСЫҢДАР!»
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ
Астанада Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен айтыс өтті. Алты алашты дүбірлеткен аламанның Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналғаны, айтпаса да түсінікті. Сол себепті де қиқулатып келген 42 ақын «Тәуелсіз Қазақстанның суретін салып, сөзден мұнара тұрғызуға» тиіс болатын. Ал «көрмейін десе көзі бар» ақынға той екен деп тойынып отыру да жараспайтыны түсінікті. Айтыстың мақсаты – алтын аралықты табу еді. Халықтың көкейіндегісін дөп басып, арынды сөзбен айызын қандыру, мерейлі мерекеде рухын көтеру болатын. Тарих, Желтоқсан, Астана, Елбасы тақырыбы әдеттегідей көп айтылды. Бұдан бөлек, Мұхтар Шаханов, Бекболат Тілеухан, Мырзатай Жолдасбеков сынды азаматтарды (оның бір-екеуі қазылар алқасында да бар еді) тілге тиек етіп, Жүрсін Ерманды КВН-шылардың «құдайы» Александр Масляковтан кем әспеттеген жоқ. Тіпті Жүрсінге «Халық қаһарманын беру керек» деген сөз де естілді (Төреәлі Төрениязов). Ал «мұнара» тұрғызылды ма, жоқ па, оны халықтан сұраңыз...
Бұл аламанда бас жүлдені қытайлық Жәмиға Дәулет иеленді. Өр өлең өрген шынашақтай қыз арынымен талай ақынды ықтырғаны рас. Алдымен шыққан Еренғайыпқа қырғидай тиген оған абырой болғанда ақтық сында «ақырын жүріп, анық басатын» Мұхтар Ниязов (2-орын) жұп болған. Мұхтарды ойсырата жеңбесе де, бас жүлде Жәмиғаның ақындық талантына берілгендей. Әйтпесе, «Құтты болсын тойларың!» («тойымыз» емес) деп тоңқалаң асырған қандасымызды Тәуелсіздіктің жылнамасын жасады деу қиындау.
ЖАТТАУ МЕН ЖАННАН ШЫҒАРУ
«Шайпау, долы» деп әріптестері қанша мұқатқысы келгенімен, Жәмиғаның бір артықшылығы – суырып салмалығы. Артықшылығы дейтініміз – өз ақындарымыз, бірен-сараны болмаса, жаттап келген жырымен «тойдырды». Табан астында текті сөз өруден гөрі үйде шимайлаған шумақтарын шиыруға шебер екендерін дәлелдеп бақты көбісі. «Жазба ақындардан кем түспейді» деп мақтады бір жүйрігін Жүрсін Ерман мырза. Әрине, кем түспейді. Армансыз әдіптеген жырын жаңылмастай жаттап алса, жазба ақыннан қай жері кем, қай жері артық болсын?
Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін Бауыржан Қалиолла мен Дидар Қалидың айтысын алайық. Дидар себепсізден-себепсіз елді күттіріп қойып, сахнаға екі жарым минут кешігіп шықты. Осы екі жарым минутта Бауыржанымыз балпиып отырды да алды. «Шап, шап!» деп қиқулаған көрермен болмаса, кеш батқанша есінеп отыра беретіндей. Елдің гөй-гөйімен домбырасын ерініп барып, әрең дыңғырлатқан Қалиолланың сондағы аузына түскені: «...Құдай-ау, қарсыласым қайда кеткен?» деген бір ауыз сөз болды. Ең қызығы, Дидар далаңдап жетті-ау дегенде «Ау, қайда жүрсің?» деп жөн сұрасуға тиіс Бауыржан былқ еткен жоқ. Ал Дидардың сөз саптасына қарасаң, «қырандай қанатын қамдай келіпті». Неге кешіккенін сол мезетте түсіндіруге тілі жетпеді білем, түк болмағандай жаттап келген жырын жаудырып жатыр. «Мың сәлем квартирант қазағыма, мың сәлем вилладағы дөкейлерге» дегені елдің құлағына жағып бара жатса да, дайын шумақ екені түсінікті еді. Ал импровизацияға сұранып тұрған осындай сәтті жіберіп алу екі ақынның қарымын көрсетіп қоятын кешірілмес қателік деп түйдік.
«Загатовка» дегеннен шығады, кей ағаларымыз жаттанды жыр айту былай тұрсын, бұрын да айтқан айтысын қаз-қалпында қайталап беруден арланбады. Мәселен, айтулы ақынымыз Балғынбек Имашев, естеріңізде болса, былтыр Аманжолмен айтысқанда сөзін былай бастаған:
«Ай, бісміллә оңғарсын деп ісімді Алла,
Ел үшін тер төгейін күшім барда.
Жаратқанға күндіз-түн зікір етем,
Бойымда тақарат пен ғұсыл барда.
Сиратал Мұстақим деп аталатын
Құлына тура жолды ұсынды Алла,
Тура жол табылмайды Түркістаннан,
Меккеден, Мединеден, Мысырдан да.
Тек Құраннан табамыз тура жолды,
Көңілден күпірлікті ысырғанда.
Сәлемменен бастайын бұл айтысты,
Сүннетпен сәуле шашып бүкіл маңға.
«Ассамағалейкум рахматулла
Уәбәрәкәтуһ» барша мұсылманға».
Биылғы жылдың ақтық сынында ол «жас пері» Әлібек Серғалиевке кез болды. «Бетіне әдемілеп жүн егіпті» деген әзіл сөзге састы дейін десең, естімей жүрген қағытпасы емес. Айтысқа көңіл-күйі болмады ма, немесе «осы да жарайды» деп жиналған жұртты менсініңкіремеді ме, әйтеуір «бісмілләсін» былай бастады:
«Бісміллә, оңғарсын деп ісімді Алла
Ел үшін тер төгемін күшім барда.
Жаратқанға күндіз-түн зікір етем,
Бойымда тақарат пен ғұсыл барда.
Сиратал Мұстақим деп аталатын.
Құлына тура жолды ұсынды Алла,
Тура жол табылмайды Түркістаннан,
Меккеден, Мединеден, Мысырдан да.
Тек Құраннан табамыз тура жолды
Көңілден күдікті ойды ысырғанда.
Сәлемменен бастайын бұл айтысты,
Сүннетпен сәуле шашып мұсылманға.
«Ассамағалейкум рахматулла
Уәбәрәкәтуһ» барша мұсылманға».
...Иманды жыр бәрімізге ұнайды. Бірақ өзіңді-өзің қайталау, ол әдейі қайталау болса да, көңілге кірбің келтіретінін ескерсе екен ақындар.
«Ақындар, айтысыңдар, айтысыңдар!» Жүрсін төренің осы сөзін үш күнге созылған аламанда бірнеше дүркін есіттік. Бұл «білместіктің» де түп-тамыры «суырып салу» деген дарынның дап-дайын еместігінен. Осы тұрғыдан алғанда екінші күнді түйіндеген 21-ші жұп ерекше есте қалды. Сүйеніш Жеңісбайұлы мен Аспанбек Шұбатаевтың «айтысының» «қызық» болғаны сондай, қазылар баға берудің өзін артық санап масқара қылды. 21 минут айтысқан қос ақынның, өздері көздегендей, айтар сөзі «мәнді бола» алмады. Рүстем Қайыртай мен Мейіржан Әлібеков те «тіл табысты» дей алмаймыз. Бірі депутат, бірі қалмақ, бірі тіл, бірі Астана, бірі Әбіләзов, бірі Тілеухан туралы толғанып, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кебін келтірді. Дәулеткерей Кәпұлы мен Қытайдан келген Бақыталы Тілеуберді де үлгі етерлік айтыс жасай алған жоқ. Айтыстың да композициясы: кіріспесі (амандасу, танысу), негізгі бөлімі және түйіні (қоштасу) болатыны мәлім. Жарты сағатқа созылған бұл айтыстың 25 минуты танысумен өтті. Екі ақын екі жаққа қарап алып, зарлы дауыспен қазақтың тарихын тізіп жатқанда елдің біразы есінеп алды. Қытайлық Бақыталының қанат қағысы бізге беймәлім, бірақ Дәулеткерейден дәмді сөз дәметкен ел үміті күл-талқан болғаны өкінішті.
«MADE IN МЫРЗАТАЙ»
Екінші орын мен 1 млн. теңгені иеленген Еркебұлан Қайназаров сахнадағы М.Жолдасбековтің «көзі, құлағы һәм тілі» сияқтанды. Неге десеңіз, Еркебұлан ақтық сынға маңғыстаулық Нұрлан Мұсаевты жеңіп шыққан еді. Нұрланның тапқырлығы Еркебұланнан кем түсіп жатпаса да, Еркештің елдік туралы ойлары Мырзекең бастаған қазыларға майдай жақты. Қарсыласы келімсекке келіншек болған қарындастарын аяп отырғанда, Еркебұлан Елбасының жеке басына көп тоқталды. Біраз уақыт «тудың құлап бара жатқанын көзі шалып, өзі орнынан қарғып тұрған» Президент ерлігін жырлай келе, «Содан бері көтеріп келе жатыр, Бар қазақтың намысын жалғыз өзі» деп түйіндеді. Соңында:
«Басымнан арылғалы құлдық сана,
Көргенім тату-тәтті тірлік қана.
Құдай үшін күрескен мұсылманға,
Мұнай үшін күресу сұмдық шара.
Ал бізде Құдай да бар, мұнай да бар,
Өсуде елім менің жым-жырт қана.
Мұнай да емес, газ да емес, көмір де емес,
Бүгінгі басты байлық – бірлік қана», – деп қайырды. Ақтық сында да Астананы «үш жүздің білегімен соққан қала» деп сипаттап, «биге шықты» бұл бала. Сол сияқты, бірінші орынды алған Әлібек Серғалиев ақындығымен де, мінезімен де жүлдеге лайық екені талас тудырмаған сияқты.
ӨТПЕЙ ҚАЛҒАН ӨТКІРЛЕР
Ал айтулы ақын Айбек Қалиев бірінші айналымнан өте алмады. Көрермен мұны ақынның Тараздағы терракті туралы артық айтып жібергенінен көрді. Ал Жүрсін мырза бұл жайды басқаша түсіндірді: «Айбек ақынымыз «тезек теріп» кетті. Әйтпесе Сағадат баласының санын айтып, «қазақтың санын көбейттім» десе, «Доңыз та тоғыз туады, ит те сегіз күшіктейді» дейді. Ақынға жарасатын сөз осы ма?». Расында, Айбек қазақтың демографиясын түсінбей отырған жоқ шығар, бірақ айтыста эмоцияға «беріліп кету» болатынын қазылар да білсе керек-ті.
ҚАЗАҚ ПЕН ҚЫРҒЫЗ АЙТЫСЫ
Биыл аламанға Моңғолия, Қытай, Өзбекстан өкілдері қатысты дегенімен, бұл елдердің бәрінен келіп отырған – өз қандастарымыз еді. Бауыр болса да, қаны бөлек жұрттан қырғыз ғана жетіпті. Ең қызық айтыстардың қатарында осы қырғыздармен өрбіген сөз сайыстары бар. Әсіресе көрерменнің қанын қыздырған – қазақ Ринат пен қырғыз Аалының айтысы еді. Ринат интернеттің тілін білетін жігіт қой, «Аймүйізді Аалы» атанған ақынның айтқандарын ғаламтордан тауып алыпты. Расында, «Аалы» десең, «Аалы Туткучевтің қазақ ақындарына жауабы» деген терме жүреді. 11 минутқа созылатын термеде:
«Өздөрү келип катылса,
Өлтүрөмүн деп бакырса,
Ата-баба мазарын,
Асманга чаңын сапырса,
Кантсин анан Ормон Хан,
Көрсөттү эрдик баатырча.
Же эмне “Кене келди” деп,
Жүгүнмөк беле катынча?!»
«Бузук сөз айтып кыргызды,
Букар жырау чаптырган», – деген жолдар бар екен. Сондықтан қызуқанды Ринат қарсыласын армансыз түйреді. Намысын Ринаттай ақын жыртқан қазақта да арман жоқ, бірақ Зайытовтың ақтық сынға «көңіл күйге байланысты» (Ж.Ерманның сөзі) шықпай қалғаны түсініксіз қылық еді. Бұл – сахнаның бергі жағындай айтылған сөз. Ал сахнаның арғы жағына барсаң, ақтық сын басталмай жатып, «жүлдегерлер белгілі» деп гу-гулеген әңгімеден құлақ тұнатын еді. Бәлкім, Ринат сол сөзге бұртиып қалып, сахнадан теріс айналған шығар?..
Хош, сонымен, Ринатқа соғылған шапалақтан шабыттанды ма, қырғыздың Жеңішбегімен айтысқан Нарынқолдың ақыны Бақыт Жағыпаров та біраз жерге барды. Сол әңгіменің түйіні:
«Билікке мақтап Атамбаев сайланды кеше ғана,
Оны да шашу шашып, «жуасыңдар».
Жеңішбек, ашып айтсақ ақ-қарасын,
Мұны қашан биліктен қуасыңдар?!». Шыны керек, Ринатқа жарасқан қызуқандылық Бақытымызға жараспай, қырғыз делегациясының ашуын шақырыпты. Арадағы салқынды ақтық сында үшінші орын алған Айнұр қызымыз жуып-шайды. Айтпақшы, Айнұрмен бірге «қола жүлдені» қарсыласы Аалы мен ақын Сара бөлісіп алды.
ЖҮЛДЕ
Былтырғымен салыстырғанда биылғы айтыстың деңгейі жоғары десіп жатты жұрт. Жас перілердің топ жарып, жүлделерді ағалардың аузынан жұлып әкеткені сүйсіндірді, әрине. Кейбіреулер «той жасап едім, бала-шаға жеп кетті» деп кейіген болса да, Аманжолдар жүлдесіз қалса да, көпшілік аса бір тулап, көтеріліс ұйымдастырмаған сияқты. Айтпақшы, бас жүлде былтырғыдай автокөлік емес, 20 мың доллар болды.
Сайтқа сілтеме: http://halyksozi.kz |